Ассалаумағалейкум, аңшылықты сүйер қауым!
Биыл «Тұяқты бестікті» толық жинау нәсіп етті. Былтыр тау үштігін алған едім, ал биыл бұлан мен қабан қосылып, мақсат орындалды.
Қысқы ормандағы аңшылық: бұлан мен қабан.
Бірнеше жылдан бері достарым солтүстіктегі қысқы орманға аңшылыққа шақырып жүретін. Бірақ бірде уақыт болмайды, бірде жұмыс шығады әйтеуір бара алмай жүрдім.
Сөйтіп, ақыры 2025 жылдың желтоқсанына жоспар құрып, 13-і күні жолға шықтық. Қазақта “тойдың болғанынан боладысы қызық” дейді ғой расымен де, бұл сапар басталған сәттен-ақ ерекше көңіл күй сыйлады.
Қақаған қыс. Бұл жай ғана серуендеп шығатын аңшылық емес, нағыз дайындықты, төзімділікті талап ететін сапар екені бірден сезілді.
Алматыдан бар керек-жарағымызды алып, Астанаға ұштық. Ұшақ терезесінен қарасаң — көз жетпес аппақ дала. Қысқы Қазақстанның кеңдігі мен тыныштығы өз алдына бір әсер береді.
Астанадан көлікке отырып, Сандықтау жақтағы орманға қарай жол тарттық. Ұзақ жолдан кейін кешке қарай жалға алған үйге жеттік. Сыртта аяз, қар сықырлайды, ауа тап-таза.
Бізді қарсы алу үшін аң шаруашылығының бас қорықшысы Юрий Николаевич келіпті. Жасы үлкен болғанымен, өте ширақ адам. Амандасып, танысып алған соң, ертеңгі аңшылықтың жоспарын асықпай түсіндіріп берді. Қай жерде тұрамыз, аң қай жақтан шығуы мүмкін — бәрін егжей-тегжей айтып шықты. Әңгімесінен тәжірибесі бірден байқалады.
Сол күні көп отырмай, ертерек демалуға жаттық. Бірақ шынын айтсам, көз жұмғанмен ойда тек ертеңгі аңшылық болды.
Таң ата сала орманға бет алдық. Қысқы орман — мүлде басқа әлем екен. Қалың ағаштар, аппақ қар, айнала жым-жырт. Тек кейде бұтақтан қардың сусып түскені ғана естіледі. Қорықшылар бізді бір-бірімізден 100–150 метр қашықтықта орналастырып, өздері аңды қуып шығуға кетті.
Бәрі тым-тырыс. Уақыт та баяу өтетін сияқты. Бір кезде алыстан айқайлар мен мылтық дауыстары естіле бастады. Бірақ бізде рация болмаған соң, нақты не болып жатқанын білмейміз. Тек шамалайсың. Мен мылтығымды тексеріп, ойша дайындалып отырдым: аң қай жақтан шықса, қай жерден атамын, қай ағашқа сүйенемін бәрін жоспарлап қойдым. Кенет орман ішінен дыбыс шықты. Көп өтпей-ақ қар арасынан екі бұлан көрінді. Қара қоңыр алып жануарлар асықпай келе жатыр. Үн шығармай, мылтығымды ағашқа тіреп, ірісін таңдадым.
Демімді реттеп, жауырынын көздеп, шүріппені ақырын бастым. Атылған оқ дәл тиді. Бірақ бұлан қаша жөнелді. Оптикадан көз алмай, тағы да сол жерден атып жібердім. Ол тағы біраз жүгіріп барып, құлап түсті.
Сол сәттегі сезімді сөзбен жеткізу қиын жүрек дүрсілі, қуаныш, адреналин. Бірақ қасыңда бөлісетін ешкім болмағаны да біртүрлі екен. Екінші бұлан сол кезде орманға кіріп кеткенін кейін ғана байқадым.
Көп ұзамай жігіттер келді. Бәріміз қуанып, суретке түсіп, бір-бірімізді құттықтадық. Басқаларда да олжа бар екен. Көңіл көтеріңкі.
Түстен кейін тағы аңға шықтық. Бұл жолы ауа райы суық, жел күшейген. Бізді қайтадан орындарға қойды.
Бұл жолы Дархан досым екеуміз бірге тұрдық. Бір жарым сағаттай ештеңе болмады. Бір кезде алыстан дыбыстар естіле бастады. Көп өтпей қараңдаған бір топ жануар көрінді. Жақындай келе олардың қабан екенін аңғардық. Бірінің артынан бірі тізіліп келеді.
Алдыңғысы ірі қабан. Артында аналығы, одан кейін торайлары. Дархан екеуміз сөзсіз-ақ түсіністік. Мен алдыңғысын. Ол арттағысын. Бәрі тоқтаған сәтте қатар аттық. Дархан бірден Есть деп айқайлады. Ал менің атқан қабаным қаша жөнелді. Дархан тағы ат деп айқайлады.
Екінші рет көздегенімде, қабан он метр жерге барып жығылып жатты. Болды, дедім. Қуанып тұрғанымызда, қасымыздан үш елік зу етіп өте шықты. Бірақ бізде оларға рұқсат жоқ еді. Сондықтан тек көзбен ұзатып салдық.
Сол көріністің өзі ерекше әсер қалдырды. Осылайша екі күндік аңшылығымыз аяқталды. Қайтар жолда ойымда тек сол орман, аппақ қар, тыныштық, жүрек дүрсілі қайта-қайта жаңғырып тұрды.
Бірақ сол қысқы орман мен сол күндер өмір бойы ұмытылмайтын естелік болып қалатыны анық.
Бұланды мына қарумен аттым: Қару: Blaser R8 6.5 Creedmoor Оптика: Swarovski Z8i 3.5–28x50 Оқ: Hornady ELD Match 140gr Қашықтық: 250 метр
Ал қабанды мына қарумен алдым: Қару: Diamondback AR-10 .308 Win Оптика: U.S. Optics TS 2.5–20x50 Оқ: S&B .308 Win HPBT 168gr Қашықтық: 180 метр
Марал
2024 жылғы Маралға аңшылығым туралы баяндамамды қабыл алыңыздар.
Қыркүек айы, алдын ала Әлімжан ағаммен, "Кетментау" аңшылық шаруашылығының қорықшасы Полат ағамызбен хабарласып, маралға аңшылыққа шығуды жоспарладық.
24 қырқүйекте кешкі сағат 20:00 Алматыдан шығып, 23:00 шамасында Кетментау аңшылық шаруашылығына келіп жеттік,
Келе сала қорықшы Полат ағамыз дайындап қойған аттарға заттарымызды жүктеп, жоспарымызды ойластырып, жолға шыға жөнелдік. Түнгі қараңғыда тау-тастармен 3-3,5 сағат шамасында аттар жете алатын жерге дейін жеттік.
Шынымды айтқанда әрі қарай жаяу 2 сағат биіктермен шығу керек дегенді естігенде, артқа қайтып кету ойға келді, бірақ оны айтуға намыс жібермей, не болса да алға қойған мақсатыма жету керек болды.
Алайда шаршағанымды көрсетпей, намысқа тырысып, сағат 5:00 шамасында жоспарлаған орынға жеттік. Әлі қараңғылау, бірақ енді таң атып келе жатқан кез еді. Тәжірибелі аңшы Әлімжан ағамыз сөмкесінен вабаны шығара сала маралдың дауысын сала бастады.
Таңғы тау арасында, теңіз деңгейінен 2,7км биіктікте, тым-тырыс табиғатта жаңғырықпен маралдың жаңғырық дауысы шыға бастады. Осы мезетте жүректің соғуы күшейе түсті, недеген керемет сезім!
Көп уақыт өтпей, қорықшы Полат аға маралдың дауысын ести сала маған Ринат, дайын бол деді. Қарсы тау бөктерінде тарсылдаған дауыстар шыға бастады.
Мен мылтығымды оқтап, ыңғайланып, атуға дайындала бастадым. Бір кезеіңде Маралдың арғы беттен төмен қарай біздің вабаның дауысына шапшаң түрде түсіп келе жатқанын байқадық. Бірте-бірте жақындап басы 600 метрден 250м шамасына келіп қалған кезде мен мылтықтың оптикалық құрылғысына қарап, атуға дайын болған едім, бірақ ағамыздың Ат деген бұйрығын күтуде болдым. Марал шамамен 150 метрге келіп тоқтаған мезетте әлгі бұйрықты ести сала демімді түзеп, оптикалық құрылғыны 200 метрге шамалап, жауырына көздей сала, дәлдеп атып жібердім.
Дүрбімен қарап тұрған қорықшы Полат аға Болды, бауырым, тиді деді, мен де сол кезде оптикамен маралдың құлағанын көріп, қуанышым шектен шыққанын сезіміді сөзбен айтып, жеткізу мүмкін емес!
Ендігі жұмыс төмен түсіп, маралды сойып, арқалап, қайта аттарға дейін жеткізу болды. Адреналинді сезіммен жүріп, олжамен жөнді суретке түспегенім кеш есіме келді, не де болса бар суретімді жүктейін, назарлаыңызға рахмет!
Қару: Blaser R8, 6.5 Creedmoor Оптикалық құрылғы - Swarovski 3.5х28х50 Оқ: Hornady 6.5 Creedmoor, 140 gr Қашықтық: 150 м
Тау теке
Аңшылық сапарым —
24.11.2025 күні , , бағытына жолға шықтым. Үйден шамамен сағат 14:00-де аттандым. Өздеріңіз білесіздер, қаласынан шығудың өзі біраз уақыт алады — қаланың сыртына шыққанша бір сағаттай уақыт кетті. Одан кейін Хоргос жолына түсіп, үш жарым сағаттай жүріп отырдым.
Жол бойы Кетмен тау аңшылық шаруашылығының қорықшысы Полат Анаятов ағамызбен сөйлесіп, қай тұсқа қалай жету керектігін нақтылап отырдым. Тигермен ауылына жеткен соң, жоғары қарай саймен орманшы кардонына көтерілуімді айтты. Өзі сол жерде аттармен күтіп алатынын жеткізді.
Тауға көтерілген сайын табиғаттың көрінісі өзгеріп, айнала ерекше айбаттанып сала берді. Орманшы кардонына жеткен соң мылтығымды 200–500 метр аралығында атып, көздеп түзеп алдым. Көліктегі жүгімді қоржынға салып, мылтығымды асынып, Полат аға екеуміз атқа мініп, саймен жоғары көтеріле бастадық.
Сағат шамамен 19:00-ге таяп қалған еді. Сол күні текеге жете алмадық. Полат аға Аю сайға көтеріліп, жотадағы малшылардың үйіне қонып шығуды ұсынды. Сол жерде кешкі асымызды ішіп, тынығып алдық.
Таң сәрісімен тұрып, шай ішкен соң Ақтас жаққа қабырға жолмен тарттық. Жол бойы дүрбі салып, маңайды мұқият шолып келеміз. Сағат түскі 13:00-ге жақындаған тұс. Бір кезде Полат аға іссыбырлап: Арғы жалға қара, бір топ теке жайылып жүр, деді.
Дүрбімен қарасам, 10–15 шақты ешкі-лағымен және текелерімен жайылып жүр екен. Дальномерге салып өлшесем 920 метр. Қай тұстан жақындау тиімді болатынын ақылдастық. Полат аға 300–400 метрге дейін таяу керек деді. Аттарды байлап, жаяу жылжи бастадық. Әр қадам сайын қашықтықты өлшеп келемін.
Бір кезде текелер қозғала бастады. Бір бөлігі жалды тігінен асып барады, енді бір бөлігі жал үстімен күншығысқа қарай жылжып келеді. Осы сәтті жібермеу керек, деді Полат аға. Қазір атпасаң, кейін кеш болуы мүмкін.
Қашықтықты қайта өлшесем — 530 метр. Арасынан төртіншісін таңдап, соны атуға келістік. Полат аға бақылап тұр. Дәл сол сәтте оптикама жалға тігінен көтеріліп келе жатқан қап-қара тау теке түсті.
Мен асығып Полат аға, сәл төмен қараңызшы, бұдан да үлкені көтеріліп келеді, дедім.
Алғашында асықтырып тұрғанымен, дүрбіні төмен түсіріп қарағанда әлгі ірі текені көріп. Иә, осыны ат Қазір жалды асып кетеді деді. Алдыңғы текелердің бәрі жал асып кеткен еді. Қара теке жалға асықпай шығып, жан-жағына қарап, ешкім қалмады ма дегендей бір сәт аялдады. Дәл сол мезетте жауырынын көздеп, шүріппені бастым.
Теке алға емес, артқа қарай секірді. Полат аға болды, біздің теке деп қуанып айғайлап жіберді. Мен болсам, оптикадан көз алмай бақылап тұрдым. Артқа секірген теке төмен қарай домалай жөнелді. Сол сәтте аңның нақ түскенін түсіндім. Жол бойы жиналған шаршау бірден басылып қалды. 530 метрге қалай жетіп барғанымды өзім де аңғармай қалдым.
Полат аға екеуміз құшақтасып, бір-бірімізді құттықтадық. Фотоға түсіп, тынысымызды басқан соң, текені төмен сайға қарай түсірдік. Чучело жасауға ыңғайлап сойып, етін қоржындарға салдық. Сағат 15:30-ға таяп, күн еңкейіп бара жатты.
Полат аға кардонға жетіп алайық, сонда шай ішеміз, деді. Қайтар жол тез өткендей көрінді. Әңгімемен уақыт білінбей, орманшы кардонына да жеттік. Етті көлікке тиеп, чучелоға арналған бас терісі мен мүйізін мұқият орап салдым. Сол сәтте ғана бір «уһ» деп, тізе бүктік. Тамақ ішіп, қорықшы Полат ағаға шынайы алғысымды айтып, кері жолға шықтым. Ол болса мен мінген атты жетектеп, ауылға қарай бет алды.
Түн қараңғылығы қоюлана бастаған еді. Таудан түскен салқын ауа бет қарып тұр. Көлікті оталдырып, соңғы рет Кетменнің сілемдеріне көз салдым. Күн батар шақтағы таулар ерекше айбаттанып, үнсіз ғана қарап тұрғандай көрінді. Бүгінгі олжа жай ғана аң емес, үлкен еңбек пен төзімнің, дұрыс шешім мен сәттіліктің жемісі еді.
Төменге қарай түскен сайын ойымда сол сәттер қайта жаңғырды: 920 метрден алғаш көрінген текелер, 530 метрдегі шешуші мезет, Полат ағаның сенімді дауысы, жалға жалғыз көтерілген ірі текенің бейнесі. Әсіресе артқа секіріп, төмен қарай домалаған сәт мәңгі есімде қалары анық.
Тигермен ауылынан өтіп, тасжолға шыққанда жол тыныш еді. Көлік шамы қараңғыны тіліп, алысқа созылып барады. Шаршау енді сезілгенімен, көңіл тоқ. Қанжыға майланды.
Осы сапарда тағы бір ұққаным таудың өз заңы бар. Асығыстықты кешірмейді. Сабыр, дұрыс шешім, серіктің тәжірибесі бәрі маңызды. Полат ағаның көрегендігі болмаса, бәлкім, сол текені өткізіп алар ма едік.
Үйге түн ортасына таман жеттім. Аспанға қарасам, жұлдыздар жарқырап тұр. Іштей шүкіршілік еттім.
Кетменнің тау текесі нағыз ер азаматқа сын. Бұл сапардың орны бөлек.
Қанжығам майланып, көңілім марқайып қайттым.
Қару: Blaser R8, 6.5 Creedmoor Оптикалық құрылғы - Swarovski 3.5х28х50 Оқ: Hornady 6.5 Creedmoor, 140 gr Қашықтық: 530 м
Еліктің текесі
2024 жылғы 4 желтоқсан.
Таңғы сағат 03:00-де тұрып, Нұрлан бауырыма хабарласып, оятып алдым да, маған қарай кел, осы жақтан шығамыз, дедім.
Сағат 04:00-де Нұрлан бауырым келіп, сол бойда Ақтерек охотничье хозяйствосына жолға шықтық. Жол шамамен екі сағатқа созылды. Жарты жолға жеткенде Ақтерек аңшылық шаруашылығы қорықшы Маратқа хабарласып қойдым.
Дәл сағат 06:00-де қорықшы Мараттың үйінің алдына келіп тоқтадық. Ол кісі де көп күттірмей шығып, ары қарай бірге жолға шықтық. Машина жүре алатын жерге дейін шамамен бір сағаттай жүрдік. Сол жерден мылтығымды асынып, тауға қарай бет алдық.
Жалдарды дүрбімен қарап, біршама жер жүрдік. Бірақ мүйізі бар елік кездеспеді. Бұл кез — еліктердің мүйізін тастап жатқан уақыты еді. Соған қарамастан, үмітімді үзбедім. Осылайша 5–6 шақырымдай жол артта қалды. Сағат 12:00 болып қалған соң, малшылардың қорасының маңына барып, тамақтанып, аздап жылынып алуды жөн көрдік.
Сағат 13:00-де қайта қозғалып, көп ұзамай шамамен 860 метр қашықтықта жатқан үш елікті байқадық. Бірақ мүйізі бар-жоғы анық көрінбеді. Жақындайық деп шештік. 500 метр қалғанда, жатқандардың біреуінің мүйізі бар екені байқалды. Қуанышымда шек жоқ.
Қорықшы Марат артынан айналып, жақындайық деді. Мен Нұрлан бауырыммен Мараттың нұсқауы бойынша баяу қозғалып отырдық. Қашықтық 340 метрге жеткенде, әлгі мүйізді теке бірдеңені сезгендей орнынан тұрып, жан-жағына қарай бастады.
Сол сәтте Марат қазір атпасаң, кетіп қалады, деді.
Ойлануға уақыт жоқ. Сол тұрған жерімде рюкзагымды жерге тастап, мылтығымды үстіне қойып, дайындалдым. Нұрлан бауырым дүрбімен бақылап тұрды.
Сол сәтте дәл жауырынның астын көздеп, оқ жібердім. Елік дәл тұрған жерінде қалды.
Қуаныштан «с полем, с полем» деп бір-бірімізді құттықтап, жанына бардық. Алдымызда әдемі мүйізі бар елік жатыр. Төмен түсіріп суретке түсеміз деп едік, Нұрлан бауырым мүйізі бос екен, осы жерде түсіп алайық, деді.
Айтқаны дұрыс болып шықты. Шынында да сол жерде суретке түсіп алғанымыз жақсы болған екен. 5–10 метр сүйрегенде, теке домалап кетіп, бір мүйізі сынып қалды. Сонда бәріміз күліп жоғарыда фотоға түсіп алғанымыз дұрыс болыпты, деп жаттық.
Төмен қарай түсіріп, талға асып сойдық. Мен қорықшы Маратқа бұл еліктен чучело жасайтынымды айттым. Марат чучелоға жарайтындай етіп терісін мұқият сыпырып берді. Сойып болған соң, аздап тынығып алып, етті рюкзактарға салып, машинаға қарай бет алдық.
Күн де еңкейіп, қара көлеңке түсе бастады. Әлі біраз жол бар екен. Нұрлан бауырым екеуміз кезек-кезек еліктің еті салынған рюкзакты көтеріп, әбден шаршадық. Әупірімдеп жүріп, әрең дегенде машинаға жеттік. Жете сала жерге жата кетіп, ах-ух деп дем алдық. Сағат 17:30 болып қалыпты.
Машинаны аздап қыздырып алып, Ақтерекке қарай жүрдік. Жолай қорықшы Маратты үйіне тастап, Нұрлан бауырым екеуміз қалаға қайттық.
Шынын айтқанда, бұл — нағыз еңбекпен келген аңшылық болды. Сол күні жүрген жолымызды есептесек, тауда шамамен 16 шақырым жүріппіз.
Қару: Blaser R8, 6.5 Creedmoor Оптикалық құрылғы - Swarovski 3.5х28х50 Оқ: Hornady 6.5 Creedmoor, 140 gr Қашықтық: 340 м
Аңшылық шаруашылығы: Ақтерек
Аңшылықтың сәтті өтуіне кәсіби қолдау көрсеткен қорықшы Маратқа ерекше алғысымды білдіремін.
